Астанада «Телеком жұлдыздары» ән байқауының жеңімпаздары анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ақпараттандыру және байланыс қызметкерлерінің кәсіподақтары қауымдастығының қолдауымен «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлері арасында «Телеком жұлдыздары» атты қазақ әндері орындаушыларының финалдық байқауы өтті, деп хабарлайды «Қазақтелеком» АҚ баспасөз қызметінен.

Астанада «Телеком жұлдыздары» ән байқауының жеңімпаздары анықталды

Байқау компанияның 20 жылдығына орай өткізілетін мерейтойлық шаралар аясында қазақтың ән өнері мен халықтық дәстүрлерін дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Ән байқауының ақтық сынында «Қазақтелеком» АҚ жиырмадан астам қызметкері қатысып, қазылар алқасының назарына белгілі халық әндері мен заманауи музыкалық шығармаларды ұсынды.

«Қазақтелеком» АҚ ұйымдастыру-бақылау департаментінің директоры Нағия Смағұлованың айтуынша, компанияның мерейтойлық жылында байланысшылар арасында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан байқаудың форматын өзгерту туралы шешім қабылданған.

«Бұрындары біздің қызметкерлердің арасындағы өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді білу деңгейі бойынша сайысса, биыл халықтық мұраны насихаттау мен әріптестеріміздің шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатында музыкалық байқауды ұйымдастыру туралы шешім қабылдадық», - дейді ол.

Шара қорытындысы бойынша бірінші орынды Атырау облыстық телекоммуникация дирекциясының қызметкерлері Аманжол Әбуов пен Эльмира Мырзағалиқызы дуэті иеленді. Екінші орынды солтүстікқазақстандық Асқар Тұраев маңғыстаулық Балия Иламанова және Айнұр Демесінованың дуэтімен бөлісті, ал Оңтүстік Қазақстаннан келген Дархан Көшікбаев үшінші орынды олжалады. Сондай-ақ «Алматытелеком» мекемесінің қызметкері Мұхамбет Қасымбеков төртінші орынды иеленгені үішн марапатталды.