Астанада темір жол билеттерін арнайы терминалдар арқылы сату басталды

Осыған орай бүгін елорда вокзалында жолаушылар билеттерін электронды түрде сатып алуға мүмкіндік беретін өз-өзіне қызмет көрсету транзакциялық терминалдарының таныстырылымы болды.
Аталған терминалдар азаматтарға банкомат карточкасы арқылы өз еркімен билетті таңдап, сатып алуға мүмкіндік береді. Осы операция кезінде «Халық банкі» төлем карточкасынан билет құнының 1-2 пайызы ұсталса, басқа екінші деңгейдегі банктер 1-4 пайызға дейін төлемақы ұстап қалады. Сондай-ақ жаңа терминалдардың негізінде Интернет арқылы тапсырыс берген билеттерді басып шығаруға мүмкіндік бар. Ол үшін жолаушы арнайы бланкідегі штрих-кодты сканер арқылы өткізуі тиіс немесе электронды билеттің 14 таңбалы нөмірін және жеке құжаттың нөмірін теруі қажет.Терминалдар бір уақытта 4 жолаушыға дейін «толық» және «балалар» тарифтері бойынша билет сатып алуға мүмкіндік береді.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ-сының Стратегиялық даму және жаңа технологияларды енгізу жөніндегі атқарушы директоры Асылхан Қалдыкөзовтың айтуынша, осы уақытқа дейін аталған терминалдар арнайы тексерістен өтіп, бұған дейін болған барлық ақаулықтар жойылғаннан кейін, жылдың басынан бері 4 терминал Астана қаласының жаңа және ескі вокзал ғимараттарында, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» компаниясының бас кеңсесінде іске қосылып отыр. Алдағы уақытта еліміздің ірі аймақтарында қосымша 10 терминалды орнату жоспарланып отыр.