Астанада теңізге шыға алмайтын дамушы елдер министрлерінің кездесуі өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада сауда және көлік мәселелері бойынша теңізге шыға алмайтын дамушы елдер министрлерінің конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға теңізге шыға алмайтын дамушы 32 елден Көлік және сауда министрлері қатысты. Сондай-ақ БҰҰ-ның басқа да халықаралық, өңiрлiк және өңiрге қарасты ұйымдар мен қаржы институттары, жеке сектор өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми орта және басқа да мүдделі тараптар жоғары ресми деңгейде қатысуға шақырылды.
Отырыс барысында теңізге шыға алмайтын дамып келе жатқан елдердегі қол жеткізілген жетістіктерді, сын-тегеуріндерді, көліктік байланысты дамыту мүмкіндіктері мен озық тәжірибелерді, сонымен қатар Вена іс-әрекет бағдарламасын қабылдаудан кейінгі қатты және жұмсақ инфрақұрылымды талқылады.
ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің алғы сөзіне сәйкес, әлемде теңізге шыға алмайтын 48 ел бар. Олар дүниежүзілік сауда айналымының 90% басым бөлігін құрайтын теңіздік сауда мүмкіншілігінен айырылған.
Осымен бірге, Қазақстан сыртқы сауда көлемін ұлғайтуда, бұл өз кезегінде заманауи көлік инфрақұрылымының қалыптасуының тікелей көрсеткіші болып табылады.
Бүгінгі күнде Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға жүктер 15 тәулікте тасымалданады, ал Оңтүстік теңіз бағытымен бұл мерзім 2 айға жуық уақытты құрайды.
Министрдің айтуынша, Қазақстанмен атқарылып келе жатқан жұмыстар толығымен 2030 жылға қойылған талаптарға сай келеді, осылайша тұрақты дамудың жоспары дамып келе жатқан елдердің прогресі мен болашығына тікелей ықпал етеді.
«Тұрақты көлік негізгі фактор болып табылатынын түсінеміз, сондықтан соңғы екі жылда өткен көлік және сауда бойынша теңізге шыға алмайтын дамушы елдердің жоғарғы деңгейдегі отырыстарының маңызды ұсыныстарын ескеру қажет», - деді министр.
Сауда-саттықты жеңілдету бойынша ДСҰ-ның келісімін жүзеге асыруды жеделдету мәселелері талқыланды.
Министрлік конференциясының барысында Декларацияға қол қойылды. Оның шеңберінде транзиттік көлік инфрақұрылымын дамыту, автожолдарда, теміржолда, порттарда, ішкі су жолдарында, мұнай құбырларында, әуе көлігінде физикалық инфрақұрылымды дамыту салаларында алға жылжу көзделген.