Астанада терминалды тонаған оңтүстікқазақстандықтар ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада полиция қызметкерлері травматикалық қарумен қорқытып, қызмет үшін төлемдерді қабылдайтын терминалдардағы ақшаны тонаған ОҚО тұрғындарын ұстады.
23 ақпанда шамамен сағат 03:00-де белгісіз біреулер дүкенде күзетшіні травматикалық қарумен қорқытып, қызмет үшін төлемдер қабылдауға арналған терминалды ұрлаған. Осылайша, олар 380 000 теңге көлемінде шығын келтірген. «Алматы» аудандық ІІБ қызметкерлері 1990 және 1984 жылдары туған Оңтүстік Қазақстан облысының жұмыссыз тұрғындарын ұстаған. Полицейлер анықтағандай, күдіктілер 28 қаңтарда осы сынды қылмысқа барған. Ол кезде түнгі уақытта дүкен күзетшісін қарумен қорқытып, кассадағы қаражатты жымқырған. Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 191-ші бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта ұсталғандар Астана қ. ІІД уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталғандардың осыған ұқсас өзге қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.