Астанада «Территория комфорта-1» тұрғын үйін салу уақытша тоқтатылды

Астана қаласының әкімдігі «Территория комфорта - 1» тұрғын үй кешенінің құрылысына қаржы салған азаматтардың өтініштерімен жұмыс шеңберінде келесі жайттардың мәлім етті.
«Түркістан көшесінің бойындағы жалпы ауданы 1,5097 га жер телімінде, Алматы көшесінің солтүстік бөлігінде орналасқан «Территория комфорта - 1» тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау мақсатында «ТК1-Астана» тұрғын үй-құрылыс кооперативі құрылды.
ТҚК өз бетімен «КазИнвестКонстракшнГрупп» ЖШС-ын (бұдан ары ЖШС) тартқан.
ТҚК және ЖШС арасында қол қойылған 2014 жылдың 22 қыркүйегіндегі бірлескен қызмет туралы келісімшарттың негізінде Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен оларға зерттеу жұмыстарын жүргізуге және кірістірілген құрылыстары және паркингі бар көп пәтерлі тұрғын үй кешенін жобалауға рұқсат берілді.
Астана қаласының әкімдігі ТК құрылысын аяқтау үшін рұқсат құжаттарын рәсімдеуде барынша қолдау көрсетіп отыр. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде құрылыс учаскесінің шекараларында қызыл сызықтар өзгертілді.
Құрылыс жүргізуші жұмыс жобасын әзірлеп жатыр, ол мемлекеттік сараптамаға жіберілетін болады.
ҚР Сәулет және қала құрылысы саласындағы заңнамасына сәйкес, нысандардың құрылысы мемлекеттік сараптамадан өткен жобаның және әкімдіктің құрылыс жүргізуге берген рұқсатының негізінде іске асырылады.
Алайда «КазИнвестКонстракшнГрупп» ЖШС жоғарыда аталған құжаттарсыз, яғни, сараптамадан өткен жобасыз және құрылысқа берілетін рұқсатсыз құрылыс-монтаж жұмыстарын бастап қойған.
Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып және заң талаптарының бұзылуына жол бермеу мақсатында Астана қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы рұқсат беру құжаттары алынған уақытқа дейін «Территория комфорта - 1» ТК-інде құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтату туралы шаралар қабылдады», - делінген мәлімдемеде.
Әкімдік нысандарды жобалық құжаттарсыз салу оны кейін пайдалану кезінде адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін атап көрсеткен.