Астанада тіс дәрігерінің фотокөрмесі ашылды (ФОТОРЕПОРТАЖ)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Ресей ғылым және мәдениет орталығында РФ фотосуретшілері одағының мүшесі, астаналық Генрих Куприяновтың «Состояние - 8» атты фотокөрмесі ашылды.
Көрмеге әуесқой фотосуретшінің соңғы бір-екі жылда түсірген әр түрлі жанрдағы 40-тан астам суреттері қойылып отыр. Олардың көбі Астананың көрікті жерлерінің түрлі ракурстардан түсірілген әсем келбетін танытады.
«Мен өзім негізі тіс дәрігерімін. Бұрынғы Ақмола, қазіргі Астанада жарты ғасыр өмір сүріп келемін. Фотоға түсіру мен үшін ермек, хобби деп айтуға болады. Өзім қаланы аралап жүрген кезде көңіліме ұнаған жерлерді есіме сақтап алып, ол жер күннің қай уақытында аса әдемі болатынын шамалап, тура сол кезде фотоаппаратымды асынып келе қаламын», - дейді көрме авторы.
Г. Куприянов Чуваш (Ресей) елінде туылған. Татарстандағы Қазан мемлекеттік медицина институтын тәмамдап, Қазақстанға, сол кездегі Целиноградқа көшіп келген. Ол мамандығымен бірге осы бір қиын да қызықты фотосуретшілікті өмір бойы бірге алып жүрді. Көптеген көрмелер ұйымдастырып, бүкілодақтық, халықаралық конкурстарда жеңімпаз да атанды.
Көрме 5-19 ақпан аралығында жұмыс істейді.