Астанада ТМД елдері тарихшыларының халықаралық форумы өтуде
АСТАНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада ТМД елдері тарихшыларының халықаралық форумы аясындағы алғашқы шаралар басталып кетті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елордада «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» деген атпен басталған үш күндік халықаралық жоба ТМД және АҚШ, Франция, Германия елдерінің 300-ден астам тарихшы ғалымдардың басын қосып отыр. Мамырдың 31-і - елімізде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болғандықтан, шара осы зұлматқа және халықтарды жер аудару құрбандарын еске алуға арналған.
Бүгін, мамырдың 27-де делегация мүшелерінің қатысуымен аталмыш форумның жоспары негізінде Мемлекет тарихы институтында «Посткеңестік кеңістіктегі тарих ғылымы: өзара іс-қимыл ахуалы және болашағы» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.
Жобаның бастамашыларының бірі, Ресейдің ММУ-і кеңестік дәуірден кейінгі кеңістікті зерттеу жөніндегі ақпараттық-сараптамалық орталығының бас директоры Алексей Власовтың айтуынша, Астанадағы үш күндік халықаралық шара ғылыми қауымдастықты посткеңестік мемлекеттердің өткенін зерттеу бағытындағы іс-қимылын біріктіруге, мәдениетаралық сұхбат пен диалогты нығайтуға септігін тигізеді.
Дөңгелек үстелден кейін делегаттар «Атамекен «Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешеніне саяси қуғын-сүргін көрген буынның ұрпақтарымен кездесуге аттанды.
Ертең, мамырдың 28-і күні жобаның жалпы отырысында «Тарихтан - қазіргі заманға» атты конференцияда Ресей, Өзбекстан, Түркия, Германия, АҚШ, Франция, Украина елдерінің профессорлары, отандық ғалымдар баяндама жасайды. Жиын талқылаулары 5 секция бойынша жүргізіліп, сонымен бірге жас ғалымдарға семинар-тренингтер ұйымдастырылады. Конференция барысында «1930-1950 жылдары халықтардың Қазақстанға жер аударылуы: тарих ортақтығы» тақырыбында халықаралық әлеуметтік жобасының, сондай-ақ «Болашақ» Қарағанды университетінің ғалымдары дайындаған «КарЛАГ» ғылыми жобасының тұсауы кесілмек.
Шара аясында қонақтар «АЛЖИР» этно-мемориалдық кешенін аралап, дөңгелек үстелге қатысады. Олар Еске алу қабырғасында саяси қуғын-сүргін құрбандарының атын құрметтеуге арналған митингте, гүл шоқтарын қою рәсімінде болады.