Астанада ТМД және түркітілдес елдері композиторларының халықаралық «Camerata tempo» камералық музыка фестивалі ашылды

   АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының концерт залында ТМД және түркітілдес елдері композиторларының халықаралық «Camerata tempo» камералық музыка фестивалі ашылды.
None
None

Фестивальге Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, АҚШ, Бельгия, Грузия, Түркия, Ұлыбритания, Франция елдерінің оркестрлары қатысуда. Жобаның авторы - ҚР Халық әртісі, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Гауһар Мырзабекова. Шара шеңберінде «Қазақстан камератасы» Мемлекеттік классикалық музыка ансамблі өзінің 15 жылдық мерейтойын атап өтуде.

Фестивальдің сыйлы қонақтары арасында Гия Канчели, Олег Крыса, «Musica Viva» Мәскеу камералық оркестрі, Нұржамал Үсенбаева, Медет Чотабаев, Әмір Тебенихин, Александр Винницкий, Әділ Бестібаев, Толиб Шахиди, Мұрат Бегалиев, Петр Грибанов, Әлішер Латиф-Заде сынды танымал музыканттар мен композиторлар бар.

"Бұл фестиваль біздің көптен күткен мейрамымыз. Қазақ академиялық музыкасы орындаушылық шеберлігі мықты және барлық әлемге әйгілі. Осы фестивальге деген біздің сеніміміз зор. Біздің қазақ музыкасының деңгейі шетелдік музыкамен терезесі тең екендігін, тіпті алдыңғы қатарларда тұрғандығын көрсетіп, Қазақстанның композиторлық шығармашылығы бүгінде биік сатыға шықандығын дәлелдей аламыз. Гаухар Мырзабекова бастаған "Қазақстан камератасы" Мемлекеттік классикалық музыка ансамблі еліміздегі 48 ансамбльдер ішіндегі қазақ музыкасын жақын және алыс шет мемлекеттерде ең көп насихаттайтын ұжым. Оларға сол еңбектері үшін үлкен алғыс айтамыз", - дейді Қазақстан композиторлар одағының төрайымы Балнұр Қыдырбек.

«Camerata tempo» камералық музыка фестивалі Алматы сахналарында да жалғасын табады. 24, 25, 28 қараша күндері Алматы қаласы Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясының концерт залында фестивальдің концерттік бағдарламалары көрсетіледі және шақырылған қонақтардың баспасөз мәслихаты өтеді. 8 желтоқсан күні Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында ТМД және түркітілдес елдері композиторларының  «Camerata tempo» камералық музыка халықаралық фестивалінің Гала-концерті ұйымдастырылмақ.

Соңғы жаңалықтар