Астанада тоғыз ай ішінде 2,2 млн. адам халықаралық әуежай қызметін пайдаланған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Астана халықаралық әуежайында жолаушылар ағыны 10,5 пайызға ұлғайған. Таратылған мәліметтерге сәйкес, үстіміздегі жылдың тоғыз айында 2,2 миллион шетелдік және отандық азамат әуежай қызметін пайдаланған. Соның ішінде 1,2 миллионнан астам адам мемлекет ішіндегі бағыттармен ұшқан.
Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 6 пайызға артқан. Астаналықтар көбінесе Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларына барады. Ал халықаралық рейстерге тоқталсақ, жыл басынан бері жолаушылар саны 900 мың адамнан асқан, бұл 2013 жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 17,6 пайызға жоғары.
Халық Франкфурт, Ыстамбұл және Әбу-Даби қалаларына жиі барады. Астана қаласы әуежайының хабарлауынша, рейстердің кешігу көрсеткіші де 2 пайызға төмендеп, рейстердің жиілігі мен жаңа бағыттардың ашылуы көбейіп отыр, деп хабарлайды astana.kz.