Астанада «Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би портреттері» триптихының және «Қазақтардың Цин императорына сәйгүлік сыйлауы» атты картинасының тұсауы кесіледі
АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат - Сәуірдің алдағы 30-ы күні ҚР Президенттік мәдениет орталығында Тоқболат Тоғысбаевтың қазақтың кемеңгерлері «Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би портреттері» триптихының және италияндық суретші Джузеппе Кастильонидің «Қазақтардың Цин императорына сәйгүлік сыйлауы» атты картинасы негізінде салынған Әсейін Жұмабековтың туындысының тұсауы кесіледі.
Тәуелсіздік алғалы бері Төле би, Қазыбек және Әйтеке билердің көркем бейнелері, әдебиеттерде, драматургияда, кинода және өнердің басқа да салаларында кеңінен сомдалып келеді. Осы үш бидің портреттерін салған кескіндемеші, ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Т.Тоғысбаев болатын.
Триптихты жасау барысында Т.Тоғысбаев, билер мен олардың сыртқы келбеттеріне қатысты мұрағат мәліметтерді пайдаланды, билердің тікелей ұрпақтарынан, сонымен қатар қазақ мәдениетінің белгілі тұлғалары М.Әуезовтен, О.Сүлейменовтен, М.Ерғалиевтен және тағы басқа бірқатар қайраткерлерден, мамандардан кеңес алып отырған. Осы тарихи триптихтың түпнұсқасы сәуірдің 23-і күні ҚР Президентінің Мәдениет орталығына салтанатты түрде тапсырылатын болады. Оның көлемі - 69,5х49,5 метр.
Сондай-ақ Мәдени орталықтың қорына Д. Кастильонидің «Қазақтардың Цин императорына сәйгүлік сыйлауы» («Хасакэ гун ма ту») атты картинасы негізінде салынған А. Жұмабековтың суреті тапсырылады. Бұл тарихи туынды 18 ғасырдағы қазақ-қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды көрсетеді.
Іс-шараны Президенттік мәдениет орталығы мен М.Х.Дулати қоры ұйымдастырмақ.