Астанада төрт күнде 218 шетелдік көлік заңдастырылды
«Акция басталғалы елордада 218 шетелдік автокөлік заңдастырылып, нөмір берілді. Шамамен 445 шетелдік көлікті тіркеуге рұқсат берілді. Төрт күн ішінде 2,5 мыңға жуық азаматқа полиция қызметкерлерінің кеңесі ұсынылды. Сондай-ақ, мамандандырылған ХҚО қызметкерлері «Электронды үкімет порталы» арқылы келіп түскен 2800-ден астам өтінішті қарады», - деген ақпарат таратты елорда полициясының баспасөз қызметі.
Көлікті заңдастыру өтінішін «Электрондық үкімет» порталы арқылы беруге болады.
Ережеге сәйкес автомобиль Қазақстан аумағына 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінуі тиіс. Соңғы тіркелген жердегі есептен шығарылуы және іздеуде болмауы керек. Одан бөлек, шетелдік автокөлікті кедендік тексерістен өткізу міндетті.
Автокөлікті заңдастыру төлеміне келсек, 200 мың теңге мемлекеттік алым, 4 313 теңге паспорт бажы және мемлекеттік нөмір үшін 9 660 теңге төлеу қажет.
Айта кетейік, шетелдік автокөліктерді заңдастыру биыл 1 шілдеге дейін жалғасады.
Шетелдік көлік иелері утиль алымнан босатылады.
Сондай-ақ, шетелдік көліктерді заңдастыруға көмек көрсететін сall-орталықтар іске қосылды. Барлық өңір бойынша телефонды осы жерден алуға болады.
Call-орталықтан бөлек, шетелдік көлікті заңдастыру бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарында мамандар кеңесі ұсынылады.
Шетелден әкелінген қандай көлік түрі заңдастыруға жатпайтыны туралы толық ақпараттан оқуға болады.
Сонымен қатар, шетелдік көлікті заңдастырмаған жағдайда қандай жаза қолданылатыны айтылды.