Астанада триатлон саябағы ашылды (ФОТО)
Ашық аспан астындағы бұл кешен 18 жасқа толған Астанамызға тарту, деп хабарлады BI Group Development баспасөз қызметі.
Екі ай бұрын ғана бос жатқан бұл орында үлкен құрылыс жүргізілді. Аспан астындағы 45 гектар аумақта бірегей спорттық нысан салынды. Астана тұрғындары мен қонақтар мұнда жүгіріп, велосипед теуіп, суда жүзе алады.
«Менің ойымша, бұл қала ішіндегі ең танымал кешенге айналайын деп тұр. Мұнда триатлонмен айналысуға бар жағдай жасалған және жуырда жүгіру және триатлон бойынша 2 корпоративтік мектеп ашылады, деді Айдын Рахымбаев.
- Астана триатлонмен айналысуға мүмкіндік туғызған бірінші қала, енді астаналық триатлоншылардың қатары көбейеді деп үміттенемін. Мереке құтты болсын және мұндай тартуы үшін компанияға үлкен алғыс білдіремін, - деді ҚР кәсіби және әуесқой триатлон федерациясының президенті, ұлттық құраманың бас бапкері Мұратхан Тоқмәди.
Нысанның ашылу құрметіне қала әкімі Әсет Исекешев символдық жарысының тұсауын кесті. Кейін қала әкімі Триатлон паркті, Стрит Ворк аутпен айналысатын алаңқайды қарап шығып, саябақты балалар алаңқайымен, теннис кортымен, жеңіл атлетика манежімен толықтыруды ұсынды.