Астанада триатлоннан жарыс басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 17-18 маусым күндері Астананың Триатлон саябағында триатлоннан ҚР кубогының үшінші кезеңі өтуде. Шараға кәсіби спортшылар мен әуесқойлар қатысып жатыр, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Жарысты Қазақстан триатлон федерациясы, Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы, спорттық-бұқаралық іс шараларды өткізу дирекциясы ұйымдастырып отыр. ҚР Кубогының үшінші кезеңі ҚР мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері Комитетінің, Астана қаласы әкімдігінің тікелей қолдауы бойынша өткізілді.
- Бүгін бізде супер-спринттен ҚР Кубогының үшінші кезеңі өтуде. Қатысуға ниет білдіргендердің қатары көп. Бір триатлонда үш спорт түрі біріктірілген. Сол себептен, болашақта, Астанада аталған спорт түріне деген қызығушылық арта түседі деп ойлаймыз. Спортшылар медициналық бақылаудан өтіп, денсаулықтарын толық тексереді, сонымен қатар жүзе білулері тиіс, жүгіріп, велосипедте тебе алулары да маңызды, - дейді Астана әкімдігінің спорттық-бұқаралық іс шараларды өткізу дирекциясының басшысы Азамат Имашев.
Жарыстың алғашқы күні жеңіске 30 кәсіби спортшы таласса, екінші күні - 120 әуесқой өзара бақ сынайды. Қатысушылар елдің әр өңірінен жиналды. Кәсіби спортшылар супер-спринттен 10 шақырым 300 метр қашықтықты бағындырды: 300 метр - жүзу, 8 шақырым - веложарыс және 2 шақырым - жүгіру.
Ертең, 18-маусым күні жалпы ұзындығы 25 шақырым 750 метр қашықтық бойынша спринтке кәсібилермен қатар әуесқойлар да шығады. Қатысушылар 750 метр жүзуден, 20 шақырым веложарыс түрінен және 5 шақырым жүгіруден бақтарын сынайды.
Қазақстан мен бүкіл әлемде «әуесқойлар» санаты бойынша триатлеттер саны артып келеді. Осыған дейін триатлоннан дода Шымкентте ұйымдастырылып, оған 200-ден астам адам қатысқан болатын.