Астанада триатлоннан жарыстар өткізілуіне байланысты Тұран даңғылы жабылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жексенбі күні, 31 шілдеде елордада Super sprint triathlon Astana - 2016 турнирі өтеді, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.
Жарыс үш спорттық жарыс түрінен тұрады: 350 метрге жүзу, 20 шақырымдық веложарыс және 2,5 шақырымға жүгіру.
Триатлон салауатты өмір салтын насихаттау және спорттық бәсекелестік орнату мақсатында ұйымдастырылады. Қатысушылардың бәрі құрмет медальдарымен марапатталады.
Жарыс таңғы сағат 10.00 басталады. Осыған байланысты жарыс соңына дейін Тұран даңғылындағы көлік қозғалысы «Тұлпар» көпірінен әуежай айналма жолына дейін толық тоқтатылады.
«Жүргізушілерге Қабанбай батыр даңғылы - Сарайшық көшесі арқылы айналып өтуді ұсынамыз. Сонымен қатар, Қабанбай батыр даңғылының «Рамстор» СҮ жанындағы көпірден бастап Қорғалжын тас жолына дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы жартылай шектеледі. Жүргізушілерге Республика даңғылы - Тәшенов көшесі - Орынбор көшесі арқылы айналып өту ұсынылады», - делінген хабарламада.
Астана қаласының полицейлері жүргізушілерден көлік қозғалысының уақытша шектелуіне түсіністікпен қарап, жол бағдарларын алдын ала жоспарлауды сұрайды.