Астанада цифрлық инвестициялық платформаның пилоттық жобасы таныстырылды
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет басшысы Олжас Бектенов цифрлық кеңседе отандық бизнес субъектілерінің жұмыс көрсеткіштерінің өзгеру динамикасын тексерді. Өңірлерге жұмыс сапарлары шеңберінде барған кәсіпорындардың деректері қаралды.
Өндіріс көлемі, сондай-ақ сатып алушы компаниялармен байланысы арқылы кәсіпорындарды қайта жүктеу бойынша қабылданып жатқан шаралардың әсері зерделенді.
Айта кетейік, бүгінде импорттың жоғары деңгейі байқалып отырған отандық тауарлар мен қызметтерді өндірушілердің тізімі бар компаниялар үшін SMS-хабарландыру іске қосылды. Сондай-ақ 364 компания алғашқы хабарламаларды алды.
Жалпы алғанда, цифрлық жұмыстар өнеркәсіп өндірісінің өсуін қамтамасыз ете отырып, тапсырмалардың орындалу мәртебесін нақты уақыт режимінде бақылауға бағытталған.
Премьер-Министр «Самұрық-Қазына» қорының қазақстандық қамту үлесін арттыру жөніндегі жұмысының нысаналы индикаторларымен танысып, сапалы өзгерістерге қол жеткізу үшін KPI көрсеткіштерін арттыруды тапсырды.
Сонымен қатар цифрлық инвестициялық платформаның пилоттық жобасы таныстырылды. Оның мақсаты – инвестициялық жобаларды іске асыруды жеңілдету әрі жасанды әкімшілік кедергілердің туындауына жол бермеу.