Астанада туберкулез сырқаты төмендеді
Өткен жылдың қыркүйегінде өткен ҚР Қауіпсіздік кеңесі жанындағы Сараптамалық кеңес отырысында Қазақстанның санитарлық эпидемиялық және ветеринарлық қызметтерінің дамуын мемлекеттік қолдау жөнінде шаралар кешенін қабылдау тапсырмасы қойылған болатын. Бұл шаралар жаңа инфекциялық аурулардың тарауына жол бермеуге бағытталуы тиіс: Эбола безгегі, қызылша эпидемиясы, туберкулез, оба және т.б. Мұндай аурулар халық денсаулығына қатер туғызып, Қазақстан экономикасының тұрақтылығын бұзады.
Туберкулез мәселелерін зерттейтін ұлттық орталық жүргізген туберкулезге қарсы қызметтер жұмысының индикаторларын рейтингтік бағалау нәтижелері бойынша, Астана қаласы үздіктер қатарында, 2014 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының барлық аймақтары арасында 2 орында.
Халық тұрмысының санитарлық эпидемиялық шарттарын жақсартудан бөлек, туберкулезбен күресудің ең тиімді әдістерінің бірі - вакцина қою болып табылады. Әсіресе, балаларға ерекше көңіл бөлу керек. Туберкулезге қарсы екпе бала организмінің туберкулез таяқшаларына қарсы тұруын күшейтіп, баланы туберкулезді менингит пен өкпенің шашыранды туберкулезінен қорғайды.
Бала туыла сала ауруға қарсы иммунитет тудыратын БЦЖ екпесі қойылады. БЦЖ екпесі бұл туберкулез ауруын тудырмайтын, бірақ осы ауру түріне қарсы иммунитет тудыратын әлсіретілген вакциналық штамм. Көп адамдар Манту реакциясын екпе деп қателеседі, алайда, бұл екпе емес, иммунитеттің туберкулезге қарсы қысымын тексеріп, ауруды ерте анықтауға арналған терінің аллергиялық сынамасы .
Астанада БЦЖ вакцинасы жаңа туылған сәбилердің 96%-ына қойылады. Вакцинадан бас тартқан 4% вакцина қоюдың маңызын түсінбей, балаларын ауру қатеріне ұшыратады. Осы бағытта халықтың иммунопрофилактиканың маңызы жөніндегі хабардарлығын арттыру мақсатында көлемді жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ, қазіргі кезеңде Астанада мектеп оқушыларына екпе қойылуда.
Туберкулезді емдеу елімізде тегін жүзеге асырылады: Туберкулезге қарсы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мемлекет бюджеті есебінен жүргізіледі. Ауруға байланысты жұмысқа қабілеттілігін уақытша жоғалтқан азаматтардың жұмыс орны заңнамамен бекітілген уақытқа дейін сақталады.