Астанада туберкулезге қарсы күрес айлығы басталды
АСТАНА. 23 ақпан. ҚазАқпарат - 23 ақпаннан бастап 23 наурызға дейін Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орай, аурудың алдын алу айлығы өтеді. Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласының Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығынан хабарлады.
Айлық аясында Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен және туберкулезге қарсы диспансермен бірлесіп, қалалық емханаларда ашық есік күндерін өткізеді. Сонымен қатар, ауруды ерте анықтау мақсатында тегін кеңес беріледі.
Бұл салада жүргізілген профилактикалық жұмыстар өз нәтижесін беріп жатқандығын атап өту керек. Өткен жылы Астанада туберкулезбен ауыратындар айтарлықтай азайды. Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасының деректеріне сәйкес, 2012 жылы науқастар саны 19,1 %-ға, ал жалпы аурудың орташа көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 83,2 %-ға азайған, 2011 жылы - 102,9 % болған. Бүгінгі күні, Астанада 650-ге тарта науқас амбулаторлық ем қабылдайды.