Астанада «Түбіртек талап етіп, сыйлық ұтып ал» акциясының жетінші жеңімпазы анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде «Түбіртек талап етіп, сыйлық ұтып ал» акциясының кезекті жеңімпазын марапаттау рәсімі өтті. Акцияның жетінші жеңімпазы Астана қаласының 22 жасар тұрғыны Данат Бақжанов атанды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметінен.

Астанада «Түбіртек талап етіп, сыйлық ұтып ал» акциясының жетінші жеңімпазы анықталды

Жеңімпаз Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары А.Иманғожинның қолынан сыйлық алды.

Жеңімпаздың айтуынша, оның бұған дейінгі лотерея ойындарында жолы болмағандықтан, бұл жолы да жеңетініне үміттенбепті. Ол IT маманы бойынша білім алып жатыр, сондықтан ақпараттық технологиялар әлеміндегі барлық жаңалықпен танысып, конкурстар мен акцияларға қатысып жүреді.

«Менің достарым маған «ашулы» шығар. Өйткені мен бұл акция туралы достарымнан білген едім. Бірақ менің ғана жолым болды. Қыркүйек айынан бастап түбіртектерді жинап, жіберіп жүрдім. Қазан айында барлығы 500 түбіртек жібердім. Кез келген дүкен, кофейня, автотұрақ, жанармай бекеттерінде берілген чектерді сол сәтте телефоныма «Чек үшін сыйлық» деп сақталған нөмірге жіберіп жүрдім. Кеше «Чек үшін сыйлық» деп жазылып тұрған абоненттен қоңырау келіп түскенде қуанып кеттім, тіпті таң қалдым», - дейді жеңімпаз.

Бұл айда бәйгеге сыйлық ретінде «LG» смартфоны тігілген.

«Ұтысқа алған «LG» смартфонын анама сыйлаймын. WhatsАpp арқылы хат алмасуды үйреніп, ол да акцияға қатысады. Ал менің қолданып жүрген телефоным кез келген заманауи студенттікі секілді, айфон. Енді келесі айда біз 500-ден көп түбіртек жолдайтын шығармыз», - деп бөлісті Данат.

Еске салайық, акцияның басты мақсаты - халықтың салықтық сауаттылығын арттыру мен азаматтық белсенділігін жоғарылату. Еске сала кетейік, бұл шараға кез келген елорда тұрғыны қатыса алады. Акцияның соңғы айы - қараша.

Желтоқсан айында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде қорытынды акция өткізіледі. Жылдың басты сыйлығы - автокөлік. Акцияға қатысу үшiн чектi суретке түсiрiп, WhatsApp мессенджерi арқылы +7 700 500 17 17 нөмірiне жiберу керек. Чек алынған дүкен міндетті түрде Астана қаласында болуы шарт. Әрбiр чекке бiрегей нөмiр берiледi, сол арқылы тұтынушылар бағалы сыйлықтар ұтысына қатысады.