Астанада тұмау мен ЖРВИ-ға шалдығудың күніне 500-ге жуық жағдайы тіркеледі - Бас санитарлық дәрігер

АНА. 9 ақпан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанада тұмау және жедел респираторлық вирусты инфекция (ЖРВИ) диагнозымен күнінен 400-500 науқас тіркеледі.
None
None

Бұл туралы бүгін қалалық Денсаулық сақтау басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісінен кейін журналистерге берген сұхбатында Санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бастығы Жандарбек Бекшин мәлім етті.

Ж.Бекшиннің айтуынша, өткен жылдың қазан айынан бастап ЖРВИ мен тұмауға шалдыққандардың саны тұрақты тіркеліп келеді. «Бүгінгі күні бізде тұмаудың зертханаларда расталған 66 түрі, соның ішінде «А» және «В» түрлері бар. Биылғы эпидемиологиялық маусымның ерекшелігі, тұмаудың «В» түрі ерте көрініс бере бастады. Әдетте ол үшінші кезеңде, нақты айтқанда, наурыз, сәуір айларында пайда болатын», - дейді ол.

«Бұл жағдайға біз дайынбыз. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, өткен жылы 190 млн. теңге резервке қойылды. Вирусқа қарсы препараттар, антибиотиктер мен алдын алатын дәрі-дәрмектер сатып алынды. Бүгін қаланың денсаулық сақтау басқармасының қоймаларында 400-ге жуық бір жолғы маскалар бар», - деп атап өтті Департамент бастығы.

Ж.Бекшиннің сөзіне қарағанда, алдағы уақытта тұмаудың өршуі күтілмегенімен, науқастардың саны арта түседі деген болжам бар. Қазір медициналық мекемелерге осы жұқпа түріне шағымданып келгендердің саны күніне 400-500 адамды құрап отыр. Жұқпаның ауыр түріне шалдыққан немесе оны асқындырып алған 75 науқас стационарда емделіп жатыр.

Астананың бас санитарлық дәрігерінің пайымдауынша, тұмаудан сақтанудың бірден-бір тиімді жолы - оған қарсы егілу. Биылғы жылғы маусымда емханаларда жұқпаға қарсы 65 200 бала егілді. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен 4,4 пайызға жоғары.

Соңғы жаңалықтар