Астанада түнде лоундж-барда қорқор шеккендер анықталды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада полиция қызметкерлері, эпидемиологтар, еріктілер мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен жасақталған мобильді топ кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 79 заң бұзушылықты анықтады. Олар демалыс күндері карантин шараларын бұза отырып, тыйым салынған уақытта жұмыс істеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мәселен, Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, демалыста түн ішінде жұмыс істеген «Винни Пых» лоундж-бары келушерге қорқор тарту қызметін ұсынған. Мекемеде Бас мемлекеттік санитар дәрігердің нормаларын бұза отырып, бір үстелде арақашықтық сақтамай көңіл көтерген 20 клиент анықталған.
«Келушілерге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 441-бабымен 3 әкімшілік хаттама толтырылды. Ал бар әкімшісі кальян шегушілерге шара қабылдамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды және 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды», - делінген таратылған ақпаратта.
Сондай-ақ барлық заң бұзушылықтарға қатысты жиналған материлдар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілді.
«Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті азаматтарды қоғамдық орындарда жауапкершілікпен жүріп-тұруға және санитарлық нормаларды сақтауға шақырады. Коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында полиция қызметкерлері тұрғындармен карантин режимін сақтау және жеке қорғаныс заттарын қолдану қажеттігі туралы алдын алу жұмыстарын жүргізеді», - деп атап өтеді департаменттен.