Астанада түнде өзен маңында сарбаздар 4 жастағы баланы тауып алды
21 маусым күні сағат 22-20-да әскери кезекшілік бастығы Б.Нұрәділов пен қатардағы жауынгерлер Жансерік Айтуған мен Әділет Шіркей Есіл өзенінің жағалауында 4 жас шамасындағы баланы көрген. Ол жалғыз болған және қайда барарын білмей тұрған. Сарбаздар оған келіп, ата-анасының қайда екенін сұраған. Ал бала болса, өзінің адасып қалып, анасын таппай жүргенін айтқан. Баланың анасын іздестірген сарбаздар 20 минуттан соң оны тапқан.
Осыдан бұрын сағат 18-30-дар шамасында қоғамдық тәртіпті қадағалау барысында әскер кезекшіліктегі Бекжан Төлеухан мен қатардағы жауынгерлер Ерболат Төлегенов пен Мырза Жұбатханов Есіл өзенінің жағалауында жылап тұрған екі баланы кезіктірген. Балалардан сұрастыра келе сарбаздар олардың ата-аналарын жоғалтып алып, не істерлерін білмей тұрғанын анықтаған. Балаларды жетектеп ішкі істер бөліміне бет алған сарбаздар жол бойы балалардың ата-аналарын кезіктірген. Балалар ата-аналарына аман-есен табысталды.
Осыған дейін хабарланғанындай, демалыс күндері Нұра-Есіл каналында 5 бала суға батып бара жатқан. Куәгерлердің бірі балалардың тек біреуін ғана құтқарып қала алды. Бала ауруханада жатыр.