Астанада тұңғыш көшпелілер музейі ашылады (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осымен 9-шы жыл қатарынан Елорда күні қала қонақтарына көрерменді бүгінгі күннің қарбалас тіршілігінен тарих тереңіне, Ұлы дала көшпелілерінің заманына жетелейтін екі ауқымды шара ұсынылып келеді. Бұл - «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелілер өркениеті фестивалі және дәстүрлі түркі музыка өнеріне арналған «Астана арқау» фестивалі. Бұл туралы Астана қаласының мәдениет басқармасы хабарлады.
Шілденің 3-інен 6-сына дейін өтіп жатқан «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» фестивалінің әр күні қонақтарға көптеген мәдени шаралар сыйлайды. Солардың қатарында - ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына арналған «Ереуіл атқа ер салмай» эпикалық әндер концерті, Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған концерт, Дәнеш Рақышевтің 90 жылдығына арналған дәріс-концерт, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қоңыраулы найза» эпос кеші және т.б.
Фестивальдің әрбір күні Нұрлан Өнербаев, Сәуле Жанпейісова және Ерлан Рысқали сынды артистердің, сондай-ақ, «Сазген сазы», «Хассақ», «Сарыарқа» сияқты фольклорлық-этнографиялық ансамбльдердің шығармашылық кештерімен аяқталады.
Сонымен бірге, шара өтетін күндері көрермендер Жайдарбек Күнғожиновтың жетекшілігіндегі, ат құлағында ойнайтын «Nomad» каскадерлер тобының шеберліктерін тамашалайтын болады. «Ат жалында» шоу-бағдарламасына Қытайда және Голливудта жоғары бағаланған ұжымның 25 спортшысы қатысады.
Көшпелілер тұрмысын киіз үйсіз елестету мүмкін емес! Дала көшпелілерінің көне үйлері этноқалашыққа көрік берсе, оның дәл ортасына фестивальдің басты концерт алаңына айналатын алып шатып тігіледі.
Фестиваль күндері таңғы сағат 11-ден 22.30-ға дейін қонақтар қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесін аралап, ата-бабаларымыздың бай тарихы мен мәдениетімен танысып, әсер етерлік инсталляцияларды, шеберлік дәрістерін және спорттық жарыстарды тамашалай алады. Биылғы фестивальдің жаңалығы Көшпелілер мұражайы болмақ. Бес киіз үйден тұратын мұражайда қонақтар көне көшпелілер мәдениетінің жәдігерлерімен және ескерткіштерімен танысуға мүмкіндік алады.
Тағы бір маңызды шара - «Астана Арқау» фестивалі шілденің 4-інен 6-сына дейін жалғасады. Түркі музыкасының үздік орындаушыларының концерттері «Астана Опера» театрының камералық залының сахнасында, ал фестивальдің салтанатты жабылуы «Хан Шатыр» СОО маңындағы этноқалашықтың алаңында өтеді.
Биылғы фестиваль саха, гагауз, алтай, қырғыз, түрік, түркмен, өзбек, құмық, әзербайжан, қарақалпақ, ноғай халықтары өкілдерінің басын қосып отыр, сондай-ақ, шараға алғаш рет қатысу үшін Астанаға қырым татарлары және Иран жеріндегі түркітілдес халық - қашқайлар келеді. Шетелден келген өнерпаздар қазақ әндерін де орындайтын болады.