Астанада тұңғыш рет Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні мерекеленуде

АСТАНА. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада қала басшылығы Бейбітшілік және келісім сарайының шаңырағы астында барша мәдениет қайраткерлерінің басын қосты.

Астанада тұңғыш рет Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні мерекеленуде

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні мерекесіне орай Қазақстан эстрада жұлдыздарының және елордалық өнер ұжымдарының қатысуымен концерт ұйымдастырылды. Сонымен қатар ең үздік әртістер мен сазгерлерге, еңбегі елеулі мәдениет қызметкерлеріне елорда басшылығы атынан грамоталар мен ақшалай гранттар табысталды.

Төл мерекелері тұсында елорданың бірқатар мұражайлары Бейбітшілік және келісім сарайында фото және сурет көрмелерін өткізді.

«Бұл бүкіл сала қызметкерлері үшін маңызды шара. Өйткені біз биыл кәсіби мерекемізді тұңғыш рет өткізіп отырмыз. Қалада театр актерлерін, филармонияның әртістерін және би ансамбльдерінің ұжымдарын қосқанда, мәдениет басқармасында 2800 астам адам жұмыс істейді. Бүгінгі іс-шарамыз тұтас мәдениет саласында қызмет етіп жүрген барлық қызметкерлерге құрмет көрсету мақсатында жасалып отыр», - дейді Астана қалалық мәдениет басқармасының бастығы Болат Мажағұлов.