Астанада тұратын ҰОС ардагерлері Жеңіс күніне 150 000 теңгеден алады

Сонымен қатар, 9 мамыр мерекесіне соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер де ақшалай көмек алады.
«Қазір қалада тұратын 292 Ұлы Отан соғысының қатысушысы мен мүгедегіне 150 000 теңгеден төленеді. Ал ҰОС қатысушылар мен мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілгендер, яғни 1871 адам 20 000 теңгеден алады. Басқа да санаттағы азаматтарға - тыл еңбеккерлері, қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері мен отбасыларына 10 000 теңге көлемінде көмек көрсетілетін болады», - деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Алма Алтыбаева.
Оның айтуынша, 9 мамырға жергілікті бюджеттен барлығы бір реттік 137 090 000 теңге әлеуметтік көмек көрсету жоспарланған.
Айта кету қажет, бүгінгі күні елордада тұратын барлық Ұлы Отан соғысына қатысушы ардагерлер мен мүгедектер пәтермен толық қамтылған. Сонымен қатар, мерекелердегі бір реттік төлемдерден басқа, ардагерлерге басқа да әлеуметтік көмек түрлері, атап айтқанда, амбулаториялық емделу кезінде дәрілік препараттармен қамтамасыз ету; қалалық қоғамдық көліктерде тегін жүру; санаториялық-курорттық ем алулар; мерзімдік басылымдарға тегін жазылу; тегін тіс протезін салу мен басқа да қызметтер көрсетіледі.