Астанада Тұрғын үй бағдарламасына қатысқандардың арасында жекеменшік баспаналары бар азаматтар анықталуда - әкім

АСТАНА. 26 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанада 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының екінші кезегі бойынша пәтер алуға үміт білдіргендердің арасында жекеменшік баспаналары бар азаматтар анықталуда.
None
None

Бұл туралы өзінің жеке блогында азаматтардан келіп түскен сауалдарға жауап берген елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов айтты.

Астана басшысының жеке блогына тұрғындардан күн сайын түсіп жатқан сауалдардың басым дені тұрғын үй мәселесіне қатысты, соның ішінде 2008-2010 жылдарғы Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының екінші кезегіне қатысқан азаматтардан түскен сұрақтар да бар. Оларды тұрғын үй комиссиясының шешімдері қашан шығатындығы қызықтырады.

«2008-2010 жылдарғы Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының екінші кезегіне қатысқан үміткерлердің тағатсыздығын түсінемін. Сондықтан оның жүзеге асырылу барысын түсіндіріп өтейін. Мембағдарламаның аталмыш кезеңінде 2344 пәтер үлестіріледі. Оған қатысу үшін қабылдау комиссиясына 27 мыңға жуық өтінім келіп түсті. Барлық құжаттар белгіленген тәртіп бойынша тіркеліп, үміткерлердің Астанада не басқа өңірлерде баспаналары бар-жоғын анықтау үшін әділет органдарына жіберілді», - деп жазды әкім.

И.Тасмағамбетовтың сөзіне қарағанда, осы күнге дейін әділет органдары 6 мыңға жуық азаматтың өзге пәтері бар-жоғын тексерді. Оның 737-сінде тұрғын жайы бар екендігі анықталды. Мембағдарламаның ережесі бойынша бұл оларды аталмыш бағдарламаға қатысу құқығынан айырады.

«Бұл жағдай әрбір кандидатура бойынша әділ шешім шығару үшін, мұндай ықтиятты жұмысты жүргізуге қосымша уақыт қажеттігін көрсетіп отыр. Сондықтан сіздерді шыдамдылық танытып, әділет органдары тексеру жұмыстарын толық көлемде аяқтағанша тосуды сұраймын. Айта кетейін, Мембағдарламаның қатысушыларын анықтау үдерісін тездету үшін, тұрғын үй басқармасының қызметкерлері әділет органдарынан оң қорытындымен түсіп жатқан істердің көлеміне қарай, баллдарды тағайындау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Комиссияның баллдарды тағайындау қорытындысы шыққаннан кейін, олар біздің сайтта және қалалық газеттерге орналастырылатын болады», - деп түйіндеді жауабын Астана басшысы.

Еске салайық, 2008-2010 жылдарғы тұрғын үй бағдарламасының екінші кезегі бойынша мемлекеттік қордан баспана алуға үмітерлерден құжаттарды қабылдау 2010 жылдың 29 желтоқсаны мен 2011 жылдың 29 қаңтары аралығында жүргізілді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум