Астанада Тұрғын үй инспекциясы құрылды
АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Елордада Астана қаласының Тұрғын үй инспекциясы басқармасы (тұрғын үй инспекциясы) құрылды,
деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Дүйсенбі, 2 сәуір күні Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қатысуымен өткен жиналыста әкімдіктің жаңадан құрылған бөлімшесінің бастығы Талғат Рысбеков ұйымдастыру жұмыстары мен басқарма алдына қойылған міндеттер жөнінде баяндады. «Астана қаласы әкімдігінің 2011 жылғы 11 қарашадағы қаулысымен елордадағы тұрғын үй қоры саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын атқарушы орган ретінде «Астана қаласының Тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ құрылды», - деді ол.
Тұрғын үй инспекциясы басқармасы міндеттеріне кондоминиум нысанының ортақ меншігіне техникалық тексеруді ұйымдастыру, кондоминиум нысанының ортақ меншігіне күрделі жөндеудің кейбір түрлерін өткізудің тізімін, кезегін анықтау, кондоминиум нысанын басқарушы орган ұсынған тұрғын үй бойынша жәрдем көрсету арқылы қаржыландырылатын кондоминиум нысанының ортақ меншігіне күрделі жөндеудің кейбір түрлерін өткізуге шығындар сметасын келісу, кондоминиум нысанының ортақ меншігіне күрделі жөндеудің кейбір түрлері бойынша жасалған жұмыстарды қабылдайтын комиссияға қатысу жатады.
Тұрғын үй инспекциясы өзіне артылған міндеттерге сәйкес көппәтерлі үй мен аула аумақтарындағы пәтер иелерінің ортақ меншігін пайдалану тәртібін сақтау, оларға жөндеу жүргізуге, тұрғын үй қоры мен көппәтерлі үй мен аула аумақтарындағы пәтер иелерінің ортақ меншігін маусымдық пайдалануға қатысты шаралар жүргізуге, тұрғын үйлердегі энергия және су ресурстарын реттеу, бақылау, есептеу құрылғыларының болуын қадағалауға мемлекеттік бақылау жасайды.
Сондай-ақ Тұрғын үй инспекциясы басқармасы «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңының 7 бабы 5 тармағына сәйкес тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері мен газ жабдығын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына бақылауды жүзеге асырады, Қазақстан Республикасын газдандырудың бас сызбасын іске асыруға қатысады.