Астанада тұрғын үй құрылысының көлемі қысқартылды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада тұрғын үйді пайдалануға берудің бес жылдық жоспары үш жылда орындалды. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов қалалық мәслихаттың кезектен тыс отырысында баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз жыл сайын 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салып келдік. Бірақ, биыл оның көлемін қысқарттық. Үш жылда 8,5 миллион шаршы метр салынған, бұл – бес жылдық жоспар болды. Оның бәрін жылумен, сумен, электрмен қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан, біз Үкіметпен келісіп, биыл тұрғын үй құрылысының көлемін 2 млн шаршы метрге дейін азайттық», - деді А. Көлгінов.
Әкім елордалық құрылыс ұйымдары биыл 4 млн шаршы метр баспана салатынын, бірақ алдымен салынған үйлерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, А. Көлгінов 2021 жылы Астананы дамытудың бас жоспарында 2030 жылы елорда халқының саны 850 мың адам болады деп жоспарланғанын айтты. 2010 жылы бұл көрсеткіш түзетіліп, 1,2 миллион адам деп болжанған. Бұл көрсеткіш екі жыл бұрын орындалды. Биыл бас жоспарға тағы жаңа түзетулер енгізіліп, құжат күзде талқылауға шығарылады.