Астанада тұрғын үй салуға арналған жер учаскесіне деген сұраныс бас жоспардан 7 есе артық

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жеке үй салуға арналған жер учаскесіне деген сұраныс қала дамуының бас жоспарынан жеті есе артық. Азаматтар жер телімін жақын арада алу үмітімен өтініштерін жазып жатыр.

Астанада тұрғын үй салуға арналған жер учаскесіне деген сұраныс бас жоспардан 7 есе артық

«Біз жеке үй салу үшін берілетін жер учаскелері төңірегінде туындаған дүрбелеңге байланысты жиылып отырмыз. 16 мамырдан бүгінгі күнге дейін 1237 өтініш қабылдадық, кеше 773 өтініш қабылданды», - деді Астана қаласының жерін пайдалану және қорғауды бақылау және жер қатынастары басқармасының басшысы Төлеуғазы Нұркенов.

Оның сөзіне қарағанда, бүгін Астанада 103 мыңнан астам адам кезекте тұр. Өтініштер 2006 жылдан қабылдана бастаған. Жер 2007 жылы ғана бөлінген. Ол кезде 1000-нан астам учаске жеңілдікке ие азаматтарға берілген. Ал қаланың нақты мүмкіндігі 2030 жылға дейін шамамен 15 мың жер учаскесін құрап отыр.

«Астана қаласы 2001 бекітілген бас жоспарға сәйкес дамып жатыр. 2011 жылы оған түзетулер енгізілген. Бас жоспарға сәйкес Астанада 45 мың жеке үй болуы тиіс, бүгінде оның 30 мыңнан астамы бар. Яғни 2030 жылға дейін біз 15 мың учаске ғана бөле аламыз: қазір 2016 жыл, сөйтіп 14 жылда 15 мың учаске ғана бөле аламыз», - деді ол.

Төлеуғазы Нұркенов заңның бұзылмауы мақсатында өтініштерді қабылдау жұмыстары алдағы уақытта да қабылданатынын атап өтті. Сондай-ақ ол бүгінде Астанада инженерлік желілермен қамтылған дайын алаңдар жоқ екенін айтты.

«Сондықтан біз ешкімге учаскелерді бере алмаймыз, - деп атап өтті Т.Нұркенов. Тағы да қайталап айтамын, 2030 жылға дейін барлығы 15 мың жер учаскесі беріледі. Ал қай жылы қанша жерден берілетінін мен сізге қазір нақты айта алмаймын».

Ұлттық экономика министрлігінің ақпаратына сәйкес, биылғы жылы Қазақстанның бірқатар өңірлерінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру жоспарланған. Ондай аймақтар қатарында Алматы облысы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары бар. Ал Алматы, Астана қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Атырау облыстарында жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру биылғы жылдың жоспарында қарастырылмаған.

Естеріңізге сала кетейік, Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру туралы ережеге сәйкес, Қазақстан азаматтары мен оралмандарға 0,10 гектар жер учаскесі тегін беріледі. Өтініш білдірушінің иелігінде бұған дейін жылжымайтын мүліктің (пәтер, үй, гараж, жер телімі) болуы немесе болмауы жер алуға ешқандай кедергі бола алмайды. Бұл жерде атап өту керек, тұрғын үйді пайдалануға беру туралы актіге қол қойылғаннан кейін ғана сіз жер учаскесінің меншік иесі атана аласыз.