Астанада тұрғын үйлер ішіндегі жылу беру жүйесін жаңартуға айрықша мән беріледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл тұрғын үйлер ішінде нашар жағдайдағы инженерлік желілер мәселесіне ерекше мән беру керек. Бұл туралы бүгiн алдағы жылу маусымына дайындық шараларына байланысты жиында Астана әкiмi Иманғали Тасмағамбетов мәлім еттi.
«Кейбір тұрғын үйлер ішіндегі инженерлік желілер өте нашар жағдайда. Сондықтан Пәтер иелері кооперативтері, кондоминиумдар бұл мәселеге айрықша мән беруі тиіс. Бізде өкілеттіліктер мен жауапкершіліктер бөлінген. Егер магистральдық желілер бойынша ыстық су мен жылу тұрғын үйге дейін тиісті деңгейде жеткізілсе де, үй ішіндегі инженерлік желілер әр пәтерге жылу мен суды іркіліссіз қамтамасыз ете алмаса, онда проблемамен толыққанды айналысу керек»,-деді И. Тасмағамбетов. Осы орайда қала әкімі алдағы жылу беру маусымына дейін тиісті жұмыстарды ПИК-термен бірлесе шешу керектігін атап өтті.
Елорда әкiмінің орынбасары Василий Крыловтың сөзіне қарағанда, жылу беру іркілістері бойынша шағымдар бірінші кезекте, яғни тұрғын үй қорындағы негізгі проблема - ол үй ішіндегі инженерлік желілердің жағдайына байланысты. 40 жыл бұрын салынған тұрғын үйлерде жылу беру жүйесінің тозығы жеткен.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда жылу беру кезеңінде үйішілік жылыту жүйелерінде орын алған іркілістер бойынша шағымдар саны 32 пайызға артқан екен.