Астанада тұрғын үйлердің кіреберісінен 7 млн теңгенің радиомодулін ұрлағандар ұсталды
Полицияға үйдің кіреберістеріндегі ыстық және суық су есептеуіштерінің радиомодульдері ұрланғанын айтып Мәңгілік ел көшесі бойындағы үйдің 60-қа жуық тұрғыны арызданған.
«Кешенді жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері «Volkswagen Polo» маркалы автомашинаны анықтады. Ұсталған автомашинаның жүк салғышын қарап тексеру кезінде ыстық және суық су есептеуіштерінің ұрланған 174 дана радиомодулі табылды. Бір радиомодульдің бағасы 40 мыңнан 50 мың теңгені құрайды» делінген хабарламада.
Баспасөз хабарламасындағы мәліметке сүйенсек, аталған факті бойынша Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының тұрғындары - 26 жастағы үш күдікті ұсталды, тергеу әрекетін жүргізу үшін олар «Есіл» ауданы ІІБ-ге жеткізілді. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Олардың осы секілді қала аумағында бұрын жасалған басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.