Астанада түрік шайы фестивалі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада 5 желтоқсанда Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы «Түрік шайын таныту» шарасын өткізеді. Бұл шараны орталық Түркияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр. 

Астанада түрік шайы фестивалі өтеді

Шай түрік асханасының айрылмас бір бөлшегіне айналған. Түрік шайы басқа шайлардан тропикалық аймақтарда өспейтіндігімен ерекшеленеді.  Әлемде континенттік ауа райында шай өсіру дәстүрі тек Түркияда ғана кездеседі.

Шайды ерекше көретін  түрік халқы орта есеппен жылына  әр адам басына шаққанда  2,3 келі шай тұтынады екен. Осылайша бүкіл әлемде ең көп шай ішетін халықтар арасында төртінші орынды иеленеді.  Бір ғасыр бұрын кофесіз күндері өтпейтін түрік халқының қазіргі таңда шыны ыдыспен шай ішпесе таңы атпайды десек артық айтпаймыз.

Түрік халқы үшін шайға арналған шыны ыдыстың орны бөлек. Түріктер үшін шай ішу де бір өнер. Мысалы, шайдың демделуін,  реңін және қасықпен араластырған кезде шығатын өзіндік дыбыстардың әр қайсысын сезіне білу керек.

Шай - адамдар арасындағы әңгіме-дүкеннің басталып, одан әрі қарай өрбуіне септігін тигізетін бір дәнекер. Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы жұртшылықты түрік және қазақ халықтары арасындағы бауырластықты арттыру мақсатында түрік шайын ішуге және шайдың 15 түрі мен түрік симитінің дәмін татуға  шақырады.