Астанада түрік киносы күндері басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада 26-30 қараша аралығында «Түрік киносы күндері» өтеді. Кино күндері аясында қазақстандық көрермен түрік кинематографиясының алты туындысын тегін тамашалай алады. Олардың арасында «Оскар» сыйлығына ұсынылған фильм де бар.
Мәдени іс-шара Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыстарды нығайту, түрік кино өнерін қазақстандық көрерменге таныстыру мақсатында ұйымдастырылған. Оған «Yerli Düşünce» қауымдастығы Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі Кинематография бас басқармасы мен Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен ұйытқы болды.
Кино күндерінің ашылу салтанатына Түркияның Кинематография бас басқармасының басшысы Бирол Гүвен мен Қазақстандағы Түркия Елшісі Мұстафа Капуджу қатысты. Сондай-ақ «Шұңқыр», «Лаулаған жалын», «Қарадай» телехикаяларымен танылған Рыза Коджаоглу, «Жеңілтек» сериалының актрисасы Илай Еркөк және «Қайта оралу: Ертұғырыл», «Осман» телехикаяларында ойнаған Сезгин Ердемир де Астанаға келді. Шараға режиссерлер Али Өзел, Угур Йаджыоглу, Айдын Сарман мен сценарист Пынар Йаджыоглу да қатысты.
Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігі Кинематография басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аймахан Алтынбай іс-шараның негізгі мақсаты екі елдің кино саласындағы ынтымақтастығын нығайту екенін айтты.
- Бұл іс-шара Қазақстан мен Түркияның кинематография саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған. 26-30 қараша аралығында қазақстандық көрермендерді түрік фильмдерін тегін тамашалауға шақырамыз. Мұндай мәдени шаралар елімізде алғаш рет өткізіліп отырған жоқ. Кеше Беларусь киносының күндері басталды. Алдағы уақытта да осындай іс-шаралар жалғасын табады деп ойлаймын, - деді Аймахан Алтынбай.
Кино күндерінің алғашқы көрсетілімі COP31 саммитінде ұсынылған экологиялық тақырыптағы «Diğerkam» («Өзгенің игілігі үшін») қысқаметражды фильмінен басталды. Туынды адам мен қоршаған орта арасындағы байланыс, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселелерін қозғайды. Фильмнің сценарийін Пынар Йаджыоглу жазып, Угур Йаджыоглу режиссерлік еткен.
Басты рөлдерді Рыза Коджаоглу мен Илай Еркөк сомдады. Түсірілім барысында қоршаған ортаға зиянды әсерді азайту, бір рет қолданылатын заттардан бас тарту, декорациялар мен костюмдерді қайта пайдалану сияқты экологиялық талаптар ескерілген.
Бүгін, 26 қарашада, фестиваль аясында Түркия атынан 99-шы «Оскар» сыйлығының «Үздік халықаралық фильм» номинациясына ұсынылған «Kesilmiş Bir Ağaç Gibi» («Бұтақсыз қалған ағаштай») драмасы да көрсетілді.
27 қарашада 14-ші Босфор кинофестивалінің бірнеше жүлдесін иеленген «Beklenti» («Үміт») драмасы, 28 қарашада «Mutluyuz Mu?» («Бақыттымыз ба?») комедиясы, 29 қарашада балаларға арналған «Rafadan Tayfa: Kapadokya» анимациялық фильмі көрерменге ұсынылады. 30 қарашада кино күндері Йүксел Аксу түсірген «Bak Postacı Geliyor» («Қара, пошташы келе жатыр») романтикалық фильмімен аяқталады.
Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі Кинематография бас басқармасының басшысы Бирол Гүвен Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени жақындықтың кино арқылы нығая түсетініне сенім білдірді.
- Бауырлас халықтар арасындағы қарым-қатынастың одан әрі нығая түскенін қалаймын. Мұндай іс-шаралар өте маңызды. Өйткені Қазақстан мен Түркияны ортақ мәдениет, тіл және дін байланыстырады. Сондықтан екі елдің кино туындыларын бір-бірімізге таныстыруымыз керек, – деді Бирол Гүвен.
Айта кетейік, фильмдерге кіру тегін. Алдын ала тіркелудің қажеті жоқ. Барлық туынды қазақша субтитрмен көрсетіледі.
Бұған дейін Қазақстанның туристік және кино түсіру әлеуеті Үндістанда өткен халықаралық кинофестивальде таныстырылғаны жөнінде жазған едік.