Астанада Түркi әлемi Ғылым академиялары одағы құрылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгiн Астанада Түркi әлемi Ғылым академиялары одағы құрылды және оның алғашқы құрылтай жиыны өттi.
Құрылтай жұмысына қатысқан Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Татарстан, Башқұртстан ұлттық академияларының басшылары Түркi әлемi Ғылым академиялары одағын құру туралы бас құжатқа қол қойды.
Халықаралық Түркi академиясының ұйымдастыруымен өткен басқосуда Одақтың жұмысын реттейтiн ереже бекiтiлiп, оның төрағасы сайланды және келесi жиын өтетiн орын анықталып, алғашқы хаттамаға қол қойылды.
«Бiздiң бабаларымыз бұрынғы замандардан берi түркi халықтарының бiрлiгiн ансаған. Осы бiрлiктiң бiрiншi қадамы ғылым саласынан басталып, ресми түрде қазiр ғана қол қойылды, - дейдi Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясының төрағасы Мұрат Жұрынов. - Түркi дүниесiнде 240 миллионға жуық түркi халықтары тұрады. Түркi мәдениетi мойындалуы керек. Осы тұрғыда бiрлесе отырып, барлық елдердiң ғалымдары ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданса, түркi әлемiне енетiн елдердiң дамуына үлкен септiгiн тигiзедi».
Айта кету керек, Түркi кеңесiне мүше мемлекеттер басшыларының 2012 жылғы 23 тамызда Бiшкекте өткен II саммитiнiң декларациясында ғылым мен бiлiм саласындағы кең ауқымды ынтымақтастықты дамытуға айырықша назар аударылған болатын. Осыған орай, 2014 жылғы 28 қарашада Бакуде өткен Түркi кеңесiне мүше мемлекеттер Бiлiм министрлерiнiң III кездесуiнде Халықаралық Түркi академиясына Түркi әлемi Ғылым академиялары одағын құру жөнiнде өкiлеттiлiк берiлген.
Одақтың жұмысын қамтамасыз ететiн хатшылық Халықаралық Түркi академиясында орналасады.