Астанада Түркі әлемі Ғылым Академиялары одағын құру туралы құжатқа қол қойылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 29 маусым күні Халықаралық Түркі академиясы Астана қаласында академиялар одағының алғашқы құрылтай жиыны өтеді, деп хабарлады академияның баспасөз қызметінен.

Астанада Түркі әлемі Ғылым Академиялары одағын құру туралы құжатқа қол қойылады

«Түркі кеңесіне мүше мемлекет басшыларының 2012 жылғы 23 тамызда Бішкекте өткен ІІ Саммитінің декларациясында ғылым мен білім саласындағы кең ауқымды ынтымақтастықты дамытуға айрықша назар аударылған. Осыған орай, 2014 жылғы 28 қарашада Бакуде өткен Түркі Кеңесіне мүше мемлекеттер Білім министрлерінің ІІІ кездесуінде Халықаралық Түркі академиясына Түркі әлемі Ғылым академиялары одағын құру жөнінде өкілеттілік берілген болатын.

Соған байланысты 2015 жылдың 29 маусымында Халықаралық Түркі академиясы Астана қаласында аталған академиялар одағының алғашқы құрылтай жиынын өткізеді», делінген хабарламада. Басқосуға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Татарстан, Түркіменстан, Башқұртстан ұлттық ғылым академияларының басшылары, Мажарстан, Моңғолия елшілері, сонымен қатар Түркі Кеңесі, Түркі кеңесінің ақсақалдар кеңесі, Түркі кеңесі университеттер одағы қатарлы халықаралық ұйым жетекшілері мен жоғарғы лауазымды тұлғалар қатысады. Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырып отырған құрылтай сессиясында Түркі әлемі Ғылым Академиялары Одағын құру туралы құжатқа және оның жұмысын реттейтін негізгі Ережеге қол қойылады.