Астанада Түркі кеңесі Білім министрлері кездеседі

4 қыркүйекте өтетін Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық Кеңесі Білім министрліктері Аға лауазымды тұлғаларының
V кездесуіне Әзербайжанның, Қазақстанның, Қырғызстанның, Түркияның білім беру саласының 26 басшысы және Түркі кеңесі мен Халықаралық Түркі академиясының өкілдері қатысады.
Сенбіде, 5 қыркүйекте, Түркі кеңесі білім министрлерінің IV Отырысы өтеді. Отырысқа Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, Түркі кеңесінің Бас хатшысы Рамиль Хасанов, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Әзербайжан Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары Фирудин Гурбанов, Қырғыз Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары Әділет Бекбоев және Түркияның Ұлттық білім беру министрі Наби Авджы қатысады. Кеңестің қатысушылары бағдарламалардың мазмұны және ортақ түркі тарихы оқулықтарын дайындау (15 ғасырға дейінгі және 15 ғасырдан 21 ғасырға дейінгі кезең), сонымен қатар, түбі бір түркі халықтарына ортақ география және әдебиет пәндері бойынша оқулықтар дайындау мәселелерін талқылайды. Қазіргі кезде Халықаралық Түркі академиясы «Ортақ түркі тарихы» оқулығын әзірлеуді аяқтап, бекітуге ұсынып отыр. Тараптардың мақұлдауынан кейін оқулықтар мектеп бағдарламасына енгізіледі. Түркі кеңесі елдерінің өкілдері одан әрі орта мектептер мен жоғары оқу орындарының студенттерін алмастырудың бағдарламасын және қаржыландыру мәселелерін қарастырады. Түркия Республикасы осы жобаны іске асырушы алғашқы мемлекет болмақ. Сондай-ақ, білім беру саласының басшылары Халықаралық Түркі академиясы мен Түркі тілдес елдер университеттері Одағы арасындағы ынтымақтастықтың шарттарын және басқа да мәселелер бойынша пікір алысады. Анықтама: Түркі кеңесі. Түркі тілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық Кеңесі - қазіргі заманғы түркі мемлекеттерін біріктіретін, негізгі мақсаты мүше мемлекеттердің арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту болып табылатын халықаралық ұйым. Түркі Кеңесі 2009 жылғы 3 қазанда Әзірбайжанда, Нахчыван қаласында құрылды. Түркі кеңесінің мүшелері: Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия. Халықаралық Түркі академиясы. 2009 жылдың 3 қазанында Әзірбайжан Республикасының Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түркі дүниесін зерттейтін халықаралық ғылыми орталық құру туралы ұсыныс жасады. 2010 жылдың 25 мамыры күні Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Түркі академиясы ашылды. Бірегей ғылыми-зерттеу орталықтың тұсаукесеріне ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдулла Гүл сонымен қатар, Қазақстан, Түркия, АҚШ, Ресей (Татарстан, Башқұртстан, Чуваш, Якутия), Өзбекстан, Қырғызстан, Украина мемлекеттерінің көрнекті түрколог ғалымдары қатысты. Қырғыз Республикасының астанасы Бішкекте 2012 жылдың 22-23 тамызы күндері өткен Түркі Кеңесі ІІ саммитінде мемлекет басшылары Түркі академиясына халықаралық мәртебе беру жөніндегі келісімге қол қойды. Келісімді құрушы елдер ратификациялағаннан кейін Түркі академиясы 2014 жылдың 28 тамызынан бастап халықаралық мәртебеге ие болды. Осылайша түркітілдес төрт елдің ерікті түрде құрған бірегей халықаралық ғылыми ұйымы - «Халықаралық Түркі Академиясы» өз жұмысын бастады. Құрушы елдер: Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Түркия Республикасы Мақсаты: Көне дәуірден бүгінге дейінгі түркі әлемі тарихын, тілі мен әдебиетін және мәдениетін зерттеп түркі мемлекеттерінің әлемдік өркениеттегі орны мен ерекше үлесін төлтума деректер негізінде аша отырып жалпы түркі әлеміне қатысты ғылыми зерттеулерді үйлестіретін бірегей орталыққа айналу. Миссиясы: Түркі халықтарының ғылыми қауымдастығының ғылым мен білімінің дамуы, сондай-ақ басқа да түркі тілдес мемлекеттер қайраткерлерінің бастамаларына жағдай жасау және олардың басын бір арнаға қосу.