Астанада Түркия елшілігі 2 жыл бұрынғы төңкеріс құрбандарын еске алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстандағы Түркия Республикасының елшілігі 15 шілде күні Түркияда аталып өтетін Демократия және Ұлттық бірлік күніне орай шара ұйымдастырып, екі жыл бұрынғы төңкеріс құрбандарын еске алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада Түркия елшілігі 2 жыл бұрынғы төңкеріс құрбандарын еске алды

Қазақстандағы Түркия елшілігінде өткен еске алу шарасында ҚР Сыртқы істер министрлігінің, Қазақстанда еңбек ететін түркиялық әртүрлі саладағы ұйымдардың, шетелдік дипломатиялық корпустың өкілдері мен түркиялық бизнесмендер қатысты. Құрбандарды еске алу құрметіне байланысты елшілікте арнайы көрме ұйымдастырылған. Ол көрмеге дәл екі жыл бұрын Түркияда орын алған төңкеріс түніндегі фотосуреттер қойылған.

Жиында сөз алған Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык  2016 жылғы 15 шілдеде жасалған төңкеріс әрекетінің орын алғанына биыл екі жыл толып отырғанын атап өтті. 2016 жылдың 15 шілдесі күні Түркия өзінің тарихындағы ең қараңғы түндердің бірін бастан өткерген еді.

«Қанды төңкеріс әрекетіне төтеп бере отырып, Түркияның егемендігі мен демократиясын қорғау жолында жанын пида еткен әзиз шейіттерміз бен қайсар қаһармандарымызды еске алу үшін екінші жыл қатарынан жиналып отырмыз. Төңкеріс жасамақ болған ұйым өзінің қас амал-айлалары жолында ең әуелі сот мекемелеріміз, Түрік қарулы күштері мен құқық қорғау органдарына, сондай-ақ түрлі мемлекеттік мекемелерге жылдар бойы ұяшықтар ретінде дамып, мемлекет құрылымына еніп алған еді», - дейді Түркия елшісі.

Елші өз сөзінде лаңкестік ұйымдармен күрес қалай жүріп жатқанын тілге тиек етіп, бауырлас ел Қазақстанның да көрсеткен қолдауын атап өтті.

«Осы оқиғадан кейін елімізге мемлекет басшысы деңгейіндегі алғашқы сапарды Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мырза жасады. Түрік халқы Президент Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның жетекшілігімен дос және бауырлас ел Қазақстанның көрсеткен тілектестігін ешқашан ұмытпайды», - деді Невзат Уянык.