Астанада ТҮРКСОЙ Халықаралық бірлескен даму ұйымы Мәдениет министрлері тұрақты кеңесінің XXIX отырысы өтуде

Оған Қазақстанның Мәдениет министрі Мұхтар-Құл-Мұхаммед, Түркияның Мәдениет және туризм министрі Гюнай Эртугрул, Қырғызстанның Мәдениет және ақпарат статс-хатшысы Мұқталы Бектеналиев, Әзірбайжанның Мәдениет және туризм министрінің бірінші орындасары Вагиф Алиев, Түрікменстанның Мәдениет және телехабар министрі Гүлмырат Мырадов, Татарстанның Мәдениет министрінің орынбасары Гузель Нығматуллина, сондай-ақ Башқұрстанның Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Камила Давлетова, ал ТҮРКСОЙ тарапынан Бас хатшы Дүйсен Қасейінов қатысуда.
«Қазіргі кезде түркі дүниесінің арасындағы ынтымақтастық барған сайын күшейіп келе жатыр. ТҮРКСОЙ түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сы деп бүгін толық сеніммен айта аламыз. Өйткені, бұл халықаралық деңгейде әбден қалыптасқан ұйым»,-деді М. Құл-Мұхаммед.
Өз кезегінде Түркияның Мәдениет министрі Гюнай Эртугрул түркі әлемінің көрнекті қайраткерлеріне арналған түрлі шаралар бүгінде барынша ұйымдастырылып келе жатқанына тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, ТҮРКСОЙ арасында саяжай ашып, онда барша түркі тілдес елдердің атақты адамдарының мүсіндерін қою жоспарланып отыр. Бұл саяжай жақын арада құрылмақ.
Айта кетейік, ТҮРКСОЙ ұйымы түркі тілдес елдердің арасында мәдениет пен өнер саласындағы мәдени байланыстарды дамытуға басшылықты жүзеге асырып, барлық мүшелеріне олардың саяси бағдарына қарамастан мәдени-ынтымақтастық саласында тең құқығын қамтамасыз етеді.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, бүгінгі кездесу аясында суретшілердің 14-ші және фотосуретшілердің 8-ші кездесу көрмелері ашылатын болады. Сонымен қатар Мәжілістің қорытындысы бойынша жұмыс хаттамасы мен декларацияға қол қою жоспарланып отыр. Атап айтқанда, бүгінгі кездесу барысында «Астана-2012 - түркі әлемінің мәдени астанасы» бағдарламасының іс-шараларына дайындық жөнінде ақпарат тыңдалып, алдағы жылы 150 жылдығы аталып өткелі отырған хакасстық турколог Николай Қатановтың құрметіне 2012 жылды «Қатанов жылы» деп жариялау туралы ұсыныс қаралады. Н. Қатанов шығыстанушы, турколог, этногроф, фольклоршы, танымал қоғам қайраткері.