Астанада «Түстер арқылы бақытты түсiну» атты сурет көрмесi ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Тәуелсiздiк сарайында Бақытнұр Бүрдесбековтің «Түстер арқылы бақытты түсiну» атты жеке сурет көрмесi ашылды.

Астанада  «Түстер арқылы бақытты түсiну» атты сурет көрмесi ашылды

"Бояу маэстросы" атанып кеткен Б. Бүрдесбеков - пейзаж, кескiндеме, натюрморт жанрларында, сонымен қатар тарихи, тұрмыстық тақырыптағы суреттердiң хас шеберi. Оның еңбектерiндегi әйел образы тiптi ерекше сипатқа ие. Ол әйел кескiнiнiң тек сыртқы келбетiн, оның рухани әлемiн, лирикасын, iшкi жан дүниесiн асқан тебiренiспен салатын таланты өзге қылқалам мамандарынан ерек болып тұрады.

"Мұнда менiң соңғы үш жылда салған 70-ке жуық шығармам қойылды. Негiзiнен абстарктiлi модернге жақын картиналар көп. Адамға тән эмоциялардың, күйдiң түрлi шарттары берiлген. Көп жылғы жинаған тәжiрибемдi салуға, бар жан-дүниемдегi сезiмдердi қағаз бетiне түсiруге тырстым. Оның ендi шын бағасын жүз жылдан кейiн келер ұрпақ бере жатар", - дейдi Б.Бүрдесбеков көрменiң ашылу салтанатында.

Бүрдесбеков Бақытнұр Байқанұлы - ҚР Суретшілер одағының, ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі, «Арт-Экспо 2011» (Нью-Йорк, АҚШ) Халықаралық конкурсының үш алтын медалінің иегері. Б.Б.Бүрдесбеков 1962 жылы 29 сәуірде Алматы облысында туған. 1977-1981 жылдары Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде, 1981-1989 жылдары - В.И.Мухина атындағы Ленинград жоғары көркемөнер-өнеркәсіптік училищеде оқыды. 1992 жылдан Мәскеуде республикалық және халықаралық көрмелердің («Ұлы жол» арт-жобасы) қатысушысы, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы және ҚР Мәдениет және туризм министрлігі ұйымдастырған түркітілдес елдері суретшілерінің 8-халықаралық шығармашылық лабораториясына қатысқан, ол Ақмола облысы Ақмол елді мекеніндегі саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарына арналған «Алжир» мемориалды-мұражай кешенінің тұжырымдамасының дизайн авторы.