Астанада тұтынушылардан түскен шағымдар 55 пайызға көбейді

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 6 221 өтініш түсті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 55 пайызға көп. Бұл туралы департамент басшысы Еркебұлан Тағашов айтты.

Тұтынушы құқығы
Фото: Pixabay.com

— Жыл басынан бері департаментке 6 221 өтініш келіп түсті. Былтыр осы кезеңде 4 017 өтініш болған. Демек, биыл көрсеткіш 55 пайызға жоғары. Өтініштердің көбеюі азаматтардың құқықтық сауаты артып, өз құқығын қорғауға белсенді кіріскенін көрсетеді, — деді Еркебұлан Тағашов.

Оның айтуынша, алты айда ең көп шағым бөлшек саудаға қатысты — 1 344, ал электрондық саудаға қатысты — 1 224 өтініш тіркелген.

— Сонымен бірге білім беру қызметтері бойынша 608, тұрмыстық қызметтер бойынша 536, медициналық қызметтер бойынша 525, байланыс қызметтері бойынша 383 өтініш түсті, — деді департамент басшысы.

Қоғамдық тамақтандыру, қаржы, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салалары бойынша 614, ал риэлторлық, құрылыс, жөндеу және өзге қызмет түрлері бойынша 987 шағым қаралды.

— Қашықтан және интернет арқылы саудаға қатысты шағымдар көбейіп келеді. Департамент азаматтардың өтініштерін қарап, бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және заң бұзған кәсіпкерлерге шара қолдану жұмысын жалғастырып жатыр, — деп толықтырды Еркебұлан Тағашов.

Айта кетейік, бұған дейін департаменттің ықпалымен тұтынушыларға 400 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылғаны туралы хабарлаған едік.