Астанада тыныс алу жүйесі ауруларына қатысты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
Созылмалы обструктивті өкпе аурулары және бронхиалды астманың жаңа, қазіргі таңдағы ем жолдары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш шараға Ресей респираторлық қоғамының академигі А.Чучалин (Мәскеу), Ресей пульманология ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары С.Авдеев (Мәскеу), профессорлар И.Андреев (Смоленск), В.Архипов (Мәскеу), Қырғыз респираторлық қоғамының төрағасы Т.Сооранбаев (Бішкек) және отандық пульманолог-мамандар қатысты.
Бүгінгі таңда тыныс алу жүйесі ауруларының кең таралуына байланысты дүние жүзінің респираторлық медицина мамандары дабыл қағуда. Қазақстанда бұл көрсеткіш 35 пайызды құрап, басқа аурулардың ішінде 1 орынға шығып отыр.
ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Салидат Қайырбекованың сөзіне қарағанда, биыл министрлік ҰҒМО тыныс алу жүйесі ауруларын алдын алу, анықтау мен емдеуге қатысты екі ғылыми жобаны қаржыландырып отыр.
Бұған дейін 2006 жылдың 29 қарашасында тыныс алу жүйесі аурулары мәселесін шешу мақсатында Еуроазиялық респираторлық қоғам құрылғаны белгілі. Оған Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Молдова, Беларус, Әзірбайжан мемлекеттері мүше. Қоғамның штаб-пәтері Астанада орналасқан.