Астанада тыйым салынған жерлерде темекі шеккен 7000 азамат жауапқа тартылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл басынан бері 4 мыңнан астам ұсақ бұзушылық тіркелді, соның ішінде жалпы ортақ пайдаланылатын орындарды ластау, коммуналдық қалдықтарды тастау жағдайлары бар. Нәтижесінде 3704 әкімшілік айыппұл салынды, 542 тәртіп бұзушы әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлады astana.gov.kz.
Тыйым салынған жерлерде темекі шеккен 7000 азамат жауапқа тартылды. Қаланы абаттандыру ережелерін бұзған ұйымдар да назардан тыс қалмайды. 150-ден астам ПИК басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, бұзушылықтардың алдын алу мақсатында көшпелі сот отырыстарын, соның ішінде жоғары оқу орындарында және ұйымдарда өткізу практикаға енгізілді. Жыл басынан бері 32 көшпелі сот отырысы болды. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазаның қолданылмай қалмау принципін жүзеге асыру мақсатында елорда әкімдігінің қолдауымен «Астана қаласының тіршілікті кешенді қамтамасыз ету жүйесі» (ТКҚЖ) аясында республикамызда алғаш рет жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылау саласында жаңа технологиялар қолданылуда. Атап айтқанда, жүйе жылдамдық режимін бұзу, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне жүру және белгіден асып тоқтау сияқты бірнеше ЖҚЕ бұзу жағдайларын бір уақытта тіркеуге мүмкіндік береді. Бүгінде жүйе қаланың көлік ағыны қатты 10 негізгі магистральдық қиылысына орнатылған. Фото-бейнетіркеу жүйелері арқылы бір аптада 500-ден астам бұзушылық тіркелді. Айыппұлдардың жалпы сомасы 7 млн. теңгеден асады.