Астанада ҰБТ-ның орташа балы - 81,3

АСТАНА. 10 маусым. ҚазАқпарат - Елордада Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы шығарылды. Қалада ҰБТ бойынша орташа балл көрсеткіші - 81,3. Жалпы есептік көрсеткіш бойынша Астана Алматы қаласынан кейінгі екінші орында тұр. Бұл туралы astаna.kz сайтына Астана қаласының Білім басқармасынан мәлімдеді.

Астанада ҰБТ-ның орташа балы - 81,3

«Барлығы 3073 түлек тәуелсіз сыртқы бақылаудан өткен болса, тест сынағына 84,5 пайыз түлек қатысты. Ал орташа балл - 81,3 балл», - деді ведомстводан.

ҰБТ сынағынан жоғарғы деңгейдегі көрсеткішке ие болған мектептердің тізімі төмендегідей. Ең жоғары орташа балл: «Зерде» №9 дарынды балаларға арналған мектеп - 116,09, дарынды қыз балаларға арналған ҚТЛ -110, «Нұр Орда» ҚТЛ 106,07, дарынды ер балаларға арналған ҚТЛ 103, 13, №50 мектеп-лицей 102, 53, сондай-ақ, №38 мектеп лицейі 102,10 орташа балл жинап, үздіктердің қатарынан көрінді.

ҰБТ қорытындысына сәйкес №46 мектеп-гимназиясының түлегі Александра Шалагаева мен №54 мектеп-лицейдің түлегі Лаура Жауханова ең жоғары 123 балл жинаған. Сонымен қатар, 629 қатысушы 100-ден 123-ке дейін балл жинаған.

Аталған басқарманың мәліметіне сүйенсек, 66 мектеп бітіруші «Алтын белгі» үздік аттестатын сәтті қорғап шыққан. Жалпы білім беретін пәндер бойынша 564 түлек қорытынды емтихан тапсырса, олардың 218-і - халықаралық ғылыми жобалар мен олимпиадалардың жеңімпаздары. Қалған мектеп бітірушілер шетелде немесе колледждерден білім алады. ҰБТ-ға қатыспаған 3 мектеп бітіруші кешенді тестілеуге қатысатын болады. Ал 17 оқушы сырқатына байланысты қорытынды аттестаттаудан босатылған.