Астанада ҰБТ өткізілетін орындар анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2 маусымда елордада түлектердің басым бөлігі Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырады. Астана қаласында ҰБТ 2, 4, 6 маусым күндері өтеді, ал апелляциялық шағым түсіргісі келетіндер мамандар көмегіне 3, 5, 7 маусым күндері жүгіне алады. Бұл туралы Білім басқармасынан хабарлады, деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайтында.
ҰБТ таңғы сағат 9.00-де басталады. Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға бөлінетін уақыт - 3,5 сағат. Нәтижелері тапсырылған күні кешкі сағат 18.00-ден кейін белгілі болады. Еске салайық, тест тапсырудың форматы өзгерген жоқ, ЖОО-ға түсу үшін ең төменгі көрсеткіш - 50 балл, ұлттық жоғарғы оқу орындары үшін 70 баллды құрап отыр. Астанада ҰБТ өтетін үш орын анықталды. Олар - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (1750 оқушы), ҚазМЗУ (781 оқушы) және С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ (1 057 оқушы). Айта кетейік, биыл Астанада 4 042 оқушы мектеп бітіреді. Соның ішінде 88,7 пайызы, яғни 3588 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, өз білімдерінің сапасын сынайды. Олардың 1777-сі - қазақ тілінде, 1811-і орыс тілінде тест тапсырмақ. Ал қалған 454 оқушы (11,2%) - алыс және жақын шетелдердің оқу орындарына түсетіндер мемлекеттік емтихан тапсырады. Сондай-ақ халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларына қатысқандар Ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылады. Олардың саны ҚР БҒМ бұйрығы шыққан соң белгілі болады, әзірге олар ҰБТ тапсыратын оқушылар базасына еніп отыр.