Астанада ҮИИД бағдарламасы аясындағы жобаларға бөлінген қаражаттан мемлекетке 8,2 млрд. теңге залал келтірілген
АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 9 айында Астана қаласы бойынша Қаржы полициясы департаменті ұлттық компаниялар мен даму институттарының Үдемелі индустриалды-инновациялық даму Мемлекеттік бағдарламасының және инвестициялық жобалардың заңдылығын бұзу деректері бойынша 76 қылмыстық іс қозғады. Мемлекетке келтіріген зиянның жалпы сомасы 8,2 млрд. теңгені құрады. Бұл туралы бүгін департаментте өткен баспасөз мәслихатында Даму институттары мен ұлттық компаниялардағы қылмыстарды ашу басқармасының басшысы Бейбіт Молдабеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, осы санаттағы 68 қылмыстық іс сотқа жолданды.
«ҮИИД МБ-ға енгізілген «Сыйымдылығы 8000 тонна көкөніс қоймасын салу» инновациялық жобасын іске асыруға бөлінген 10 млн. теңгенің ұрлану дерегі бойынша жеке кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданды», - деді Б. Молдабеков.
Сондай-ақ, оның мәліметінше, Астана қаласында «Сыйымдылығы 5000 тонна көкөніс қоймасын және жеміс-көкөніс өнімін қайта өңдейтін цех салу» кезінде 25 млн. теңгеден астам бюджет қаржысының ұрлану дерегі бойынша қылмыстық іс тергелу үстінде.