Астанада украин ақыны Тарас Шевченкоға ескерткіш орнатылады
АСТАНА. ҚазАқпарат -Астанада украин ақыны Тарас Шевченконың 204 жылдығы аталып өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Шара Украинаның мәдени-ақпараттық орталығында өтті. Елордадағы №47 орта мектептің оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа айтып, көптің қошеметі мен құрметіне ие болды.
«Жыл сайын 9 наурыз күні Тарас Шевченконың туған күні аталып өтеді. Тарас Шевченко Қазақстан жерінде өмірінің 10 шақты жылын өткізген. Бүгінгі шара ақынымызды еске алуға арналған. Біз мұндай шараны жыл сайын бүкіл Қазақстан бойынша өткіземіз. Былтыр біз ақынның туған күнін Астана, Алматыда, Қарағанды, Ақтауда ұйымдастырсақ, биыл Павлодар, Петропавл, Қостанай қалаларында атап өтеміз», - деді ҚР-дағы Украина істері бойынша уақытша сенімді өкілі Володымыр Джиджора.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Астанада ақынға ескерткіш орнату жұмыстары жүргізілуде.
«Тарас Шевченконың ескерткішін Астанада тұрғызу - бұл өте ауқымды жоба. Қазіргі уақытта ескерткіш бой көтеретін орын бөлінді. Ол Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің маңында болады. Біздің білуімізше, ескерткіш Қазақстандағы қою қызыл граниттен жасалады. Біздің бірлесе көтерген ескерткішіміз қазақстандық-украиналық достықтың символы болады деген сенімдеміз», - деді Володымыр Джиджора.
Айта кетейік, өмірінің 10 жылға жуық кезеңін Маңғыстауда жер аударылып жүріп өткізген ақын әрі суретші Т.Шевченко жергілікті халықтың тіршілігіне, салт-дәстүріне қатысты мол мұра қалдырған. Қаламгерлікпен қатар суретші ретінде де танылған ол қазақ өміріне қатысты «Киіз үйде», «Шерқала», «Келі түйген қазақ әйелі», «Қазақ қызы Катя» және тағы да басқа сурет туындыларын қалдырған. Оның шығармалары Ә.Тәжібаев, Т.Жароков, Қ.Бекхожин, С.Мұқанов, С.Мәуленов сынды қазақ жазушыларының тәржімалауымен бірнеше мәрте кітап болып жарық көрген.
Шараны Қазақстандағы Украина елшілігі ұйымдастырды.



