Астанада Украинадағы ҚР елшілгі бастамасымен түсірілген фильмнің тұсаукесері өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Қазақстан» орталық концерт залында Украинадағы Қазақстан елшілігінің бастамасымен түсірілген «Отан үшін отқа түскендер» фильмінің тұсау кесер рәсімі өтті.
ҚР Президентінің қолдауымен түсірілген фильм - Украинадағы ҚР Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбековтың идеясы. З.Тұрысбековтың айтуынша, фильмді түсіруге қажетті материалдарды жинақтауға 2 жыл уақыт кеткен.
«Біз ата-бабалырымыздың арқасында бүгінде бейбіт аспан астында күн кешіп жатырмыз. Егер кешегі тарихты алып қарайтын болсақ, Ұлы отан соғысының құрметті ардагерлері, біз сіздердің арқаларыңызда бұл күнге жеттік. Біз сіздерге әрқашан алғысымызды білдіруіміз керек. Түсірілген фильм - сол ұлы жеңіскерлерімізге көрсетілген құрметтің бір белгісі. Біз сіздердің алдарыңызда бас иеміз, құрметті ардагерлер», - деді Зауытбек Тұрысбеков.
Фильм режиссері Назгүл Абутрапованың айтуынша, бұл фильм «атақ» үшін түсіріліген жоқ. «Мен ҚР Президенті Телерадиокешенінде қызмет етемін. Ерлан Бекхожиннің жетекшілік етуімен біз ХХІ ғасыр студиясын аштық. Мендегі мақсат, тілек біреу, ол: Отанымыз мәңгі тыныш, әрқашан бейбітшілікте болуы», - деді ол.
Фильмнің тұсау кесеріне Мәжіліс депутаты Бахытбек Смағұл, «ҚР Президенті Телерадио кешенінің» бас директоры Ерлан Бекхожин қатысты. Жиында фильмді түсірушілерге Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығы атынан «Шапағат» медалі табыс етілді. Украинадағы ҚР Елшілігінің арқасында Қазақстаннан майданға аттанған 106-кавалерия, 102-атқыштар дивизиясы сарбаздары құрметіне мемориал орнатылды.