Астанада ҰҚШҰ жарғылық органдарының бірлескен отырысы өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Шара барысында 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына байланысты мәлімдеме жарияланып, бірлескен мерейтойлық іс-шаралар жоспарына қол қойылды, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігі.
Халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Қорғаныс министрлері кеңесінің, Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің бірлескен отырысы және ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің сессиясы шеңберінде қаралды.
Іс-шараларға Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның сыртқы саяси және қорғаныс ведомстволарының басшылары, қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары және ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов, Ұйымның Біріккен штабының бастығы Андрей Сердюков қатысты.
Тараптар өңірлердегі әскери-саяси ахуалдың аспектілерін, ұжымдық қауіпсіздік жүйесін одан әрі дамыту перспективаларын талқылап, ҰҚШҰ шеңберіндегі ынтымақтастықты қорытындылады.
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына байланысты мәлімдеме жарияланып, бірлескен мерейтойлық іс-шаралар жоспарына қол қойылды.
2025 жылы Қырғызстанның ҰҚШҰ-ға төрағалық етуінің басымдықтары туралы кездесуге қатысушыларды осы елдің Сыртқы істер министрі хабардар етті.
Бірлескен отырыстардың қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды.
Бұған дейін ҰҚШҰ саммитіне қатысу үшін Астанаға Тәжікстан президенті ұшып келгені хабарланды.