Астанада үлескерлер 4 млрд теңге құйған тұрғын үй сүрілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазір Астана қалалық полициясы жауапсыздық танытқан құрылыс компаниясына қатысты істі тергеп жатыр. 

Астанада үлескерлер 4 млрд теңге құйған тұрғын үй сүрілді
Фото: Астана қаласы ПД

— «Asyl-NurQurylys» ЖШС құрылыс компаниясының басшыларына қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Күдіктілер 300-ден астам адамды алдады деген болжам бар. Белгілі болғандай, аталған ЖШС өкілдері 2024 жылдың наурыз айынан бастап рұқсат құжаты болмағанына қарамастан, интернет-платформаларда жарнама беріп, «Mardan» тұрғын үй кешені құрылысы жүріп жатқан үйден пәтер броньдау туралы келісімшарттар жасаған. Уәкілетті тұлғалар тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау сылтауымен үлескерлердің жалпы сомасы шамамен 4 миллиард теңгені иемденген. Астана қаласы әкімдігі сот шешімімен алданған тұрғындардың мүддесін қорғау үшін нысанды сүріп тастады, — делінген хабарламада.

Ақпаратта айтылғандай, қалалық Прокуратура жүргізген сотқа дейінгі тергеу барысында құрылыс компаниясы басшысының бірі қамауға алынды, екінші басшыға іздеу салынды.

— Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, қосымша сот сараптамасы тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша күдіктілердің іс-әрекетіне түпкілікті құқықтық баға беріледі. Құқық қорғау органдары компания басшыларының іс-әрекетінен зардап шеккен азаматтарды Астана қаласы Полиция департаментіне, Сейфуллин көшесі, 37 мекенжайы бойынша хабарласуды сұрайды, — дейді құқық қорғау органынан.

Айта кетейік, Қазақстанда үлескерлерді қолдау орталығы құрылады. Ол жерде азаматтарға тұрғын үйді қауіпсіз сатып алу жөнінде кеңес беріледі

Соңғы жаңалықтар