Астанада үлескерлер қаржысын тартуға қандай құрылыс компанияларының құқығы жоқ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында құрылыстың бастапқы сатысында үлескерлер ақшасын тартуға рұқсаты жоқ құрылыс компанияларының тізімі жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елорда әкімдігінің ресми сайтында үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаты жоқ құрылыс салушылардың тізімі жарияланды. Аталған тізімде көрсетілген көппәтерлі тұрғын үй кешендерінде қолданыстағы заңнаманы айналып өтіп жасалған барлық мәмілелер (алдын ала брондау шарты, резервтеу шарты, инвестициялау шарты, талап ету құқығын басқаға беру шарты) жарамсыз болып саналады.
«Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі өз қаражатыңызға сақ болуды сұрайды және рұқсат құжаттары болмаған жағдайда тұрғын үй сатып алмаған жөн.
«Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы» Қазақстан Республикасының заңнамасында үлескерлердің қаражатын тиісті рұқсатсыз қабылдауға тыйым салынады. Бұл ретте ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 320-бабы, сондай-ақ ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы бойынша кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысқаны үшін жауапкершілік көзделген», - делінген хабарламада.
Барлық сұрақтар бойынша Сарыарқа ауданы, Бейбітшілік көшесі, 9 мекенжайында орналасқан «Нұр-Сұлтан қаласы Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» ММ-ге жүгінуге болады. Байланыс телефондары: 8 (7172) – 55-04-28, 55-67-03.