Астанада үлескерлерді алдаған компания басшысы тергеліп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының ІІД «Куршавель» көпқабатты тұрғын үй-кешені инвесторларының ұжымдық шағымына байланысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Астана қаласының ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құзырлы ведомствоның хабарлауынша, Департаменттің тергеу басқармасы ҚР ҚК-нің 189- бабында қарастырылған (бөтеннің мүлкін иелену немесе жұмсау) қылмыстық істі тергеу үстінде.
«Куршавель» көпқабатты тұрғын үй-кешені инвесторларының ұжымдық шағымы бойынша сеніп тапсырылған қаражатты иеленіп, жұмсап жіберген «Коттеджный городок «Happy Village» ЖШС-нің жетекшісі Бақтығали Өтегеновке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оның әрекеті салдарынан жоғарыда аталған тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталмай қалған», - делінген хабарламада.
Астана қаласының ІІД аталған азаматтың әрекетінен зардап шеккен жәбірленушілер болса (87172) 71-60-10, 74-62-28 телефондарына хабарласуды сұрайды.